Қызылжар аудандық орталық кітапханасының конференц залында жалпы республикалық «КІТАП TIME – 2025» фестивалі аясында «Кітап әлем – ғажап әлем» атты әдеби кеш өтті. Кештің басты мақсаты – кітап пен оқудың құндылығын насихаттау, жастардың кітапқа деген қызығушылығын арттыру, сондай-ақ қазақ әдебиетінің алыбы Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына арналған тағылымды шара ұйымдастыру болды.
Қызылжар өңірі – өлең мен жырға, сөз өнеріне бай киелі мекен. Бұл өлкеден қазақ әдебиетіне өлшеусіз үлес қосқан небір ардақты ақындар шыққаны – үлкен мақтаныш. Солардың жолын жалғастырып жүрген, елге кеңінен танымал жерлес қаламгерлер – Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі Күлайхан Рахмет, аудандық қазақ тілі қоғамының төрайымы Зағифа Ахметова, жас ақын Фархат Тастанбек, Мәдениет саласының үздігі Серік Өтепбергенов кештің құрметті қонағы болды.
Ақындар өздерінің жүрекжарды жырларын оқып, жас оқырмандарға шабыт сыйлады. Оқырмандар тарапынан қойылған сұрақтарға ақындар өлең жолдарымен жауап қайтарып, әсерлі сәттерге толы кештің көрігін қыздырды.
Әдеби кеш барысында оқушылар ұлы ақындар Абай, Махамбет, Мағжан, Мұқағали, Кәкімбек Салықовтың өлеңдерін мәнерлеп оқып, қонақтардың ыстық ықыласына бөленді. Сонымен қатар, жастар өздерінің сүйікті кітаптары туралы ой бөлісіп, «Шежірелер» атты танымдық викторинаға белсене қатысты.
Кеш аясында «Кітап – тарих, кітап – шежіре» атты кітап көрмесі ұйымдастырылып, ұсынылған әдебиеттерге библиографиялық шолу жасалды.
Осындай тағылымды іс-шаралар — өскелең ұрпақтың рухани дамуына, кітап оқуға деген қызығушылығын арттыруға және ұлттық құндылықтарды дәріптеуге бағытталған маңызды қадам.


Қаралым саны: 28





