Еске алу кеші
Жазықсыз жандар ұмытылмайды.
Тарих мәңгі есте сақталады.
Қызылжар аудандық орталық кітапханасының оқырман залында «Тарихтың қасіретті беттері» атты еске алу кеші өтті. Іс-шараның мақсаты – қазақ халқының тарихындағы қасіретті кезеңдерде солақай саясаттың құрбаны болған қазақ зиялылары туралы мағлұмат беру, олардың есімдерін құрметтеуге және ұмытпауға тәрбиелеу, сондай-ақ сол кезеңге тәуелсіз ел ұрпағының көзімен баға беру.
Кешке Қызылжар аудандық ардагерлер кеңесінің мүшесі Шаляпина Валентина, саяси – қуғын сүргінге ұшыраған отбасының балалары: Ольга Прилуцская, Владимир Геншель, кітапхана оқырмандары мен колледж студенттері қатысты.
Валентина Павловна қасіретті жылдар туралы, қазіргі кезде қуғынға жазықсыз ұшырағандардың ақталғандары жайында айтып өтті.
Владимир Гербертович пен Ольга Владимировна өз отбасыларының бастарынан кешкен ауыр зардап пен көрген қиыншылықтары жайында, қазіргі кезде бейбіт, тыныш өмір сүріп жатқандары туралы қазақ еліне рахметтерін айтып, көздеріне жас алды.
Кітапхана жанындағы «Шаңырақ» театр үйірмесінің қатысушылары «Ана жүрегі» атты сахналық қойылым ұсынып, АЛЖИР әйелдер лагеріндегі аналардың ауыр тағдырынан үзінді көрсетті. Қойылым көрермендердің жүрегіне ерекше әсер қалдырды.
Мәдениет үйінің әншісі Еркебұлан Қарыпов жүрекке мұң ұялатар әсерлі әндерін орындады. Сонымен қатар «Қасіретті жылдар» атты кітап көрмесіне қойылған әдебиеттерге библиографиялық шолу жасалды.
Қаралым саны: 17












