Астана күні – ел бірлігі мен дамуының символы

Астана күні – Қазақстан Республикасының мемлекеттік мерекесі. Ол жыл сайын 6 шілдеде атап өтіледі. Бұл мереке еліміздің елордасының қалыптасуы мен дамуын, тәуелсіз Қазақстанның жетістіктерін, халқымыздың бірлігі мен жасампаз рухын дәріптейді.

Бүгінде Астана – еліміздің саяси, әкімшілік, экономикалық және мәдени орталығы. Қала заманауи сәулетімен, халықаралық деңгейдегі маңызды іс-шараларымен және қарқынды дамуымен ерекшеленеді. Мұнда мемлекеттік мекемелер, халықаралық ұйымдардың өкілдіктері, жетекші жоғары оқу орындары, ғылым мен мәдениет ошақтары орналасқан. Елорда – тәуелсіз Қазақстанның өркендеуі мен жаңғыруының жарқын көрінісі.

Астана күніне орай аудандық орталықтандырылған кітапхана жүйесіне қарасты ауылдық және селолық кітапханаларда мерекелік іс-шаралар ұйымдастырылды. Оқырмандар назарына «Астана – мақтанышым, елордам», «Елорда – ел жүрегі», «Жасампаз Астана» тақырыптарында кітап көрмелері ұсынылып, елорданың қалыптасу тарихы, сәулет өнері мен мәдениеті туралы әдебиеттер таныстырылды.

Сонымен қатар кітапханаларда танымдық сағаттар, ақпараттық көрмелер, тарихи шолулар, әдеби кештер, кітаптарға библиографиялық шолу, зияткерлік викториналар мен патриоттық тақырыптағы кездесулер өткізілді. Іс-шаралар барысында қатысушылар Астананың қалыптасу кезеңдері, оның ел өміріндегі тарихи маңызы және бүгінгі жетістіктері туралы мол мағлұмат алып, өз білімдерін толықтырды.

Мерекелік шаралардың негізгі мақсаты – жас ұрпақтың бойында Отанға деген сүйіспеншілік пен патриоттық сезімді қалыптастыру, елорданың тарихын насихаттау және оқырмандардың кітап оқуға деген қызығушылығын арттыру. Кітапхана қызметкерлері ұйымдастырған іс-шаралар көпшілік тарапынан қызығушылыққа ие болып, қатысушыларға көтеріңкі көңіл күй мен тағылымды әсер сыйлады.

Астана күні – ел бірлігі мен тұрақтылығының, тәуелсіз Қазақстанның жарқын болашағына деген сенімнің мерекесі. Елордамыздың өсіп-өркендей беруі – әрбір қазақстандықтың ортақ мақтанышы мен абыройы.


08.07.2026
Қаралым саны: 37