«Қазақстанның мақтанышқа айналған рәміздері» дөңгелек үстел

4 маусым – Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздері күніне орай Қызылжар аудандық орталық кітапханасының конференция залында «Қазақстанның мақтанышқа айналған рәміздері» атты дөңгелек үстел ұйымдастырылып өткізілді.

Іс-шараның негізгі мақсаты – оқырмандарға Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздері туралы жан-жақты мағлұмат беру, олардың тарихи маңызы мен мәнін түсіндіру, жас ұрпақтың бойында патриоттық сезімді қалыптастырып, Отанға деген сүйіспеншілікті арттыру.

Шара Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Әнұранын орындаумен басталды. Кітапханашы қатысушыларды Мемлекеттік рәміздер күнімен құттықтап, Ту, Елтаңба және Әнұранның қалыптасу тарихына тоқталды. Өз сөзінде Мемлекеттік рәміздердің тәуелсіздігіміздің, ұлттық бірлігіміздің және жарқын болашағымыздың айқын белгісі екенін атап өтті.

– Мемлекеттік рәміздер – егемен еліміздің ең қастерлі құндылықтарының бірі. Олар халқымыздың тарихын, мәдениетін, рухани байлығын бейнелейді. Рәміздерді құрметтеу арқылы біз Отанымызға деген сүйіспеншілігімізді білдіріп, ел болашағына деген сенімімізді нығайтамыз, – деді кітапханашы.

Дөңгелек үстел жұмысына Отбасын қолдау орталығының мамандары, аудандық балалар кітапханасының қызметкерлері, орталық кітапхана ұжымы және белсенді оқырмандар қатысты. Қатысушылар Мемлекеттік рәміздердің қоғамдағы рөлі мен олардың жастар тәрбиесіндегі маңызы туралы өз ойларымен бөлісіп, пікір алмасты.

Іс-шара соңында «Мемлекеттік рәміздер – ұлт мақтанышы» атты кітап көрмесіне библиографиялық шолу жасалып, көрмеге қойылған әдебиеттер таныстырылды. Сонымен қатар, қонақтарға «Рәміздерім – елдігімнің белгісі, мақтанышым, айбыным мен ерлігім» атты ақпараттық буклеттер таратылды.

Шара жоғары деңгейде өтіп, қатысушылардың мемлекеттік рәміздерге деген құрметін арттырып, ұлттық құндылықтарды дәріптеуге өз үлесін қосты.

 

04.06.2026
Қаралым саны: 37