Қызылжар аудандық орталық кітапханасының конференция залында 18 қазан – Рухани келісім күніне орай «Қазақстан – бейбітшілік пен келісім мекені» атты дөңгелек үстел өтті.
Іс-шараның басты мақсаты – өскелең ұрпаққа рухани келісімнің, өзара құрмет пен татулықтың маңызын түсіндіру, түрлі ұлттар мен діни конфессиялар арасындағы достықты дәріптеу, жастардың бойында толеранттылық, адамгершілік пен сыйластық қасиеттерін қалыптастыру. Сонымен қатар бейбітшілік пен бірліктің қоғам өміріндегі маңызын ұғындырып, рухани құндылықтарды құрметтеуге тәрбиелеу көзделді.
Қазақстан – сан түрлі ұлт пен ұлыс өкілдері тату-тәтті өмір сүріп жатқан, мәдениеті мен дәстүрі тоғысқан ортақ шаңырақ. Еліміздегі ұлтаралық және дінаралық келісім – қоғамдық тұрақтылық пен бейбіт өмірдің маңызды негізі. Әр адамның ұлтына, дініне және дүниетанымына қарамастан, бір-біріне құрметпен қарауы, өзара түсіністік танытуы мен татулықты сақтауы – баршамызға ортақ міндет. Сондықтан жас ұрпақтың бойына ізгілік, мейірімділік, төзімділік пен сыйластық қасиеттерін сіңірудің маңызы зор.
Дөңгелек үстелге аудандық ішкі саясат бөлімінің маманы Жаңыл Кабдушева, «Кәусәр» мешіті имамының орынбасары Бақтыбай Асаматдинов, православие шіркеуінің діни қызметкері Антоний Чуриков, Отбасын қолдау орталығының психологы Айбаршын Худайбергенова, сондай-ақ № 2 орта мектеп пен «Парасат» мектеп-лицейінің оқушылары қатысты.
Кездесу барысында қонақтар рухани келісімнің мәні мен маңызы, қоғамдағы бейбітшілік пен тұрақтылықты сақтау, түрлі ұлттар мен діни конфессия өкілдері арасындағы достық қарым-қатынасты нығайту туралы ой-пікірлерімен бөлісті. Олар адамдар арасындағы өзара құрмет, мейірімділік, түсіністік пен татулықтың қоғамның үйлесімді дамуына ықпал ететінін атап өтті. Сонымен қатар әрбір азаматтың ел бірлігін сақтауға, қоғамдық келісімді нығайтуға қосатын үлесі маңызды екеніне тоқталды.
Іс-шара барысында Отбасын қолдау орталығының психологы Айбаршын Худайбергенова қатысушыларға «Рухани құндылықтар» атты тренинг өткізді. Тренингтің негізгі мақсаты – оқушылардың бойында адамгершілік қасиеттерді қалыптастыру, өзгенің пікірін құрметтеуге, айналасындағылардың сезімін түсінуге және өзара сыйластыққа баулу. Тренинг барысында қатысушылар рухани құндылықтардың күнделікті өмірдегі орны туралы ой бөлісіп, ізгілік пен мейірімділіктің, қолдау көрсету мен түсіністік танытудың маңызын ұғынды. Бұл жұмыс оқушылардың рухани дүниесін байытып, адамгершілік қасиеттерін дамытуға ықпал етті.
Шараның мазмұнын толықтыра түскен маңызды бөлімдердің бірі – «Қазақстан – бейбітшілік пен келісім мекені» атты кітап көрмесі болды. Кітапханашы көрмеге қойылған әдебиеттерге библиографиялық шолу жасап, оқырмандарды еліміздің тарихы, халықтардың мәдениеті мен салт-дәстүрлері, рухани құндылықтар, ұлтаралық бірлік пен дінаралық келісім тақырыптарын қамтитын кітаптармен таныстырды. Көрме қатысушылардың таным көкжиегін кеңейтіп, еліміздің мәдени байлығы мен рухани мұрасын тереңірек танып-білуіне мүмкіндік берді.
Дөңгелек үстел ашық пікір алмасу, өзара құрмет пен қызығушылыққа толы жағдайда өтті. Қатысушылар рухани келісімнің әр адамның күнделікті іс-әрекетінен басталатынын, жылы сөз, ізгі ниет, өзара көмек пен сыйластықтың адамдар арасындағы достықты нығайта түсетінін түсінді.
Іс-шара соңында бейбітшілік, бірлік, татулық пен рухани келісім – халқымыздың баға жетпес байлығы, еліміздің тұрақтылығы мен жарқын болашағының берік негізі екені атап өтілді. Осынау құндылықтарды сақтау, жас ұрпақты адамгершілікке, толеранттылыққа және өзара құрметке тәрбиелеу – баршамыздың ортақ парызымыз.
Елімізде әрдайым бейбітшілік пен береке орнап, бірлігіміз бекем, ынтымағымыз жарасымды болсын! Қазақстанның көк аспаны астында әр ұлт пен әр дін өкілі өзара құрмет пен келісімде өмір сүріп, татулық пен достық мәңгі жасай берсін!
Қаралым саны: 29








