Қызылжар аудандық орталық кітапханасында «Оқырман ұлт» жобасы аясында «Кітап ұрпақтарды біріктіреді» атты мәдени-танымдық іс-шара өтті. Іс-шараның мақсаты – кітап оқу мәдениетін насихаттау, рухани құндылықтарды дәріптеу және ұрпақтар сабақтастығын нығайту.
Іс-шараның құрметті қонақтары аудандық кітапхана жанынан құрылған «НҰР» клубының мұшелері, ардагерлер хоры болды. Хор мүшелері орындаған әсерлі әндер көрермендерге көтеріңкі көңіл күй сыйлап, мерекелік кештің көркін аша түсті.
Кітапханашы іс-шараны аша отырып, кітаптың адам өміріндегі маңызы, кітапхананың қоғамдағы рөлі және оқырман мәдениетін қалыптастырудағы орны туралы кеңінен әңгімеледі. Сонымен қатар қатысушылар назарына қазақстандық және әлем әдебиетінің таңдаулы туындылары, сондай-ақ туған өлкенің тарихы мен мәдениетіне арналған басылымдар қойылған тақырыптық кітап көрмесі ұсынылды.
Кездесудің ерекше сәттерінің бірі – кітапхананың белсенді оқырманы Сафуан Жиентаевтың тағылымды әңгімесі болды. Ол кітаптың адам өміріндегі орны мен маңызына тоқталып, жастарды кітапты көп оқуға, кітапханаға жиі келуге шақырды. Сондай-ақ өзі оқыған кітаптары туралы ой бөлісіп, әрбір кітаптың адамға білім мен тәрбие беріп, дүниетанымын кеңейтетінін ерекше атап өтті. Оның өмірлік тәжірибеге негізделген әсерлі әңгімесі қатысушыларға үлкен ой салды.
Іс-шара барысында қатысушылар сүйікті ақындардың өлеңдерін оқып, өздерінің оқыған кітаптары туралы пікірлерімен бөлісті.
Кеш соңында қатысушылар кітап адамды рухани байытатын, ұрпақтар арасындағы байланысты нығайтатын асыл құндылық екендігін атап өтті. Іс-шара жылы әрі достық жағдайда өтіп, оқырмандардың кітапқа деген қызығушылығын арттыруға және кітап оқудың маңызын насихаттауға өз үлесін қосты.

Қаралым саны: 16


