Наурыз – ата дәстүрдің айнасы

Этнографиялық шежіре

Қазақ даласына көктемнің нұрлы шуағымен, күн дидарлы жылы лебімен бірге келетін Наурыз мейрамы – ғасырлар қойнауынан жалғасып келе жатқан, түркі халықтарының төл мерекесі. Наурыз – табиғаттың жаңаруы, жаңа жылдың, жаңа өмірдің бастауы. Ұлыстың ұлы күні қазақ халқы үшін әрдайым қасиетті де киелі саналған.

Бұл айтулы мереке Қызылжар аудандық орталық кітапханасында да кең көлемде аталып өтті. Наурызнама аясында «Наурыз – ата дәстүрдің айнасы» этнографиялық шежіре «Мәдениет және ұлттық салт-дәстүр күні» шеңберінде қазақ халқының бай мұралары дәріптелді. Атап айтқанда, бесікке салу, тұсау кесер секілді ұлттық дәстүрлер көрсетіліп, «Шаңырақ» күніне орай «Бауырсақ пати» мен «Ақ орамал» дефилесі ұйымдастырылды. Бағдарлама барысында қазақтың әсем ұлттық әндері шырқалып, мерекенің көркін аша түсті.

Кітапхана жанындағы «Нұр» клубының мүшелері Наурыздың мән-маңызын атап өтіп, жиналған қауымға ақ баталарын берді. Іс-шара қонақтарына ыстық бауырсақ ұсынылып, ерекше ықылас танытылды. Сонымен қатар, «Салт-дәстүр – Наурыз сәні» атты экспозициялық көрмеге шолу жасалып, ұлттық құндылықтарды насихаттайтын әдебиеттер таныстырылды.

 

02.04.2026
Қаралым саны: 40