Аудандық орталық кітапхананың құқықтық ақпарат орталығында «Қылмыс және жаза» тақырыбында құқықтық іс-шара өтті

Кездесудің мақсаты — құқықтық сауаттылықты қалыптастыру, интернетті пайдалану кезіндегі жауапкершілікті арттыру, сондай-ақ қатысушыларды Қазақстан Республикасында қылмыстық жауапкершілік басталатын жаспен таныстыру.

Іс-шараға қатысқадар:

  • Дәулетова Айнұр Ерікқызы, отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылықпен күрес тобының аға инспекторы, полиция капитаны;
  • Құдайбергенова Ақмарал Жаңбырбайқызы, әйелдерді отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылықтан қорғау инспекторы, полицияның аға лейтенанты;
  • Какжанов Жамбыл Какимұлы, Қызылжар ауданы полиция бөлімі жасөспірімдер полиция тобының аға инспекторы;
  • «Бескөл мектеп — колледжі» колледжінің студенттері.

Кіріспе сөз барысында библиограф әрбір адамның өз әрекеті үшін жауап беретінін еске салды. Заңды білу және қиын жағдайларда дұрыс әрекет ете білу — қауіпсіз әрі заңға сай мінез-құлықтың кепілі. Өз әрекеттерінің салдарын түсіну және заң шеңберінде әрекет ету маңызды екенін атап өтті.

Полиция қызметкерлері жасөспірімдерге қылмыстық жауапкершілік қай жастан басталатын түсіндірді:

  • 16 жастан — толық қылмыстық жауапкершілік;
  • 14 жастан — ұрлық, тонау, қарақшылық, қорқытып алу, қасақана денсаулыққа зиян келтіру, автокөлікті айдап әкету, вандализм және терроризм туралы жалған хабар беру сияқты ауыр қылмыстар үшін жауапкершілік.

Шара барысында қатысушыларға полиция қызметкерлері интернет-құқықбұзушылық, олардың ішінде:

  • әлеуметтік инженерия әдістерін қолданатын алаяқтық;
  • жалған интернет-дүкендер мен фейк маркетплейстер;
  • жеке фотолар арқылы қорқытып ақша талап ету (сексторшен);
  • кибербуллинг және жеке деректерді тарату туралы ақпараттармен бөлісті.

Сонымен қатар шара барысында «Бұл қылмыс па, жоқ па?» атты интерактивті ойын өткізілді. Онда жасөспірімдер өмірден алынған жағдайларды талдап, полиция қызметкерлері қандай әрекеттердің қылмыс немесе әкімшілік құқықбұзушылық болып саналатынын түсіндірді.

Кездесу аясында «Сұрақ-жауап» викториналық ойындар ойнатылды. Жасөспірімдер интернеттегі түрлі әрекеттер үшін қандай жауапкершілік қарастырылатынын, әлеуметтік желілерде қорлау немесе қорқыту жағдайында не істеу керектігін, сондай-ақ жеке деректерін қалай қорғауға болатынын сұрады.

Қатысушыларға цифрлық қауіпсіздік ережелері, сенім қызметтерінің пайдалы нөмірлері және интернет-қатерлер немесе отбасылық — тұрмыстық зорлық-зомбылық жағдайында қайда жүгінуге болатыны туралы ақпарат жазылған жадынамалар таратылды.

Іс-шара белсенді өтті және жасөспірімдер арасында үлкен қызығушылық тудырды. Мұндай кездесулер құқықтық мәдениеттің дамуына, интернеттегі жауапты мінез-құлықты қалыптастыруға және айналадағы адамдарға құрметпен қарауға ықпал етеді. Шара соңында «Заң және құқық» атты кітап көрмесіне шолу жасалды.

13.02.2026
Қаралым саны: 37