Мерекелік шара әдебиетті, өнерді және рухани сұхбатты сүйетін жандардың басын қосты. Кештің негізгі идеясы – әйел тағдырын кітаппен салыстыру. Қалпақ бейнесі арқылы әр әйелдің мінезі, болмысы, өмір жолы символдық түрде бейнеленді. Әр қалпақ – бір тағдыр, әр тағдыр – бір кітап.
Қатысушылар әдеби викториналарға белсене қатысып, белгілі шығармалардың кейіпкерлерін тапты, қанатты сөздерді еске түсіріп, көктем мен махаббат туралы әуендерді тыңдап, ерекше көңіл күйге бөленді. Кеш барысында психолог маман әйелдің ішкі жан дүниесіне қатысты танымдық тренинг өткізіп, ойындар ұйымдастырды, ал бас киім шебері сәнді образдар ұсынып, қатысушылардың даралығын айшықтай түсті.
Сонымен қатар шара аясында «Ана — әлем, Ана — өмір» атты көрме - инсталяция ұйымдастырылды. Көрмеге ана бейнесін, аналық махаббат пен мейірімділікті, отбасы құндылықтарын арқау еткен қазақ және шетел әдебиетінің таңдаулы туындылары қойылды. Кітаптар арқылы оқырмандар ана жүрегінің жылуын, әйелдің қоғамдағы орнын және рухани күшін тереңірек сезіне алды.
Әдеби қонақжай мен кітап көрмесі көктем мерекесінің шынайы сәніне айналып, қатысушыларға көтеріңкі көңіл күй мен ерекше әсер сыйлады.
Шара соңында әйел-аналарға арналған ізгі тілектер айтылып, олардың өмірдегі, отбасындағы және қоғамдағы маңызды рөлі ерекше атап өтілді.
Бұл кеш тағы бір мәрте әрбір әйел — тұтас бір әлем, ал әр ананың жүрегі — мәңгілік өмірдің бастауы екенін дәлелдеп берді.
Қаралым саны: 47







