Кітап көрмесі: «Жасым – менің байлығым»

Халықаралық Қарттар күніне орай Қызылжар орталық аудандық кітапханасында «Сүйіспеншілік пен алғыс сезімімен – сіздерге» атты тағылымды әрі жүрекке жылы кеш ұйымдастырылды. Бұл кеш кітапхана саласында ұзақ жылдар еңбек еткен ардагерлерге және аға буын өкілдеріне арналды.

Іс-шара барысында ардагер кітапханашыларға жылы лебіздер айтылып, олардың кітапхана ісіне қосқан зор үлестері еске алынды. Жиналған қауым шын жүректен шыққан сөздерге, естеліктерге, әсем әндер мен сый-сияпаттарға бөленді.

Кітап көрмесі: «Жасым – менің байлығым»

Кеш аясында ұйымдастырылған «Жасым – менің байлығым» атты кітап көрмесінде өмірлік тәжірибе, даналық, мейірім мен парасаттылық жайлы шығармалар ұсынылды. Бұл көрме қарттықты кемшілік емес, қайта байлық пен рухани жетістік ретінде көрсетуге бағытталған.

Фотоэкспозиция: «Алғысқа толы жүректерден»

Кітапхана тарихынан сыр шертетін «Алғысқа толы жүректерден» атты фотоэкспозиция көпшіліктің көңілінен шықты. Онда ұзақ жылдар бойы кітапхана саласында адал еңбек еткен ардагерлердің фотосуреттері мен олардың еңбек жолдарына шолу жасалды. Бұл — кітапхана тарихының шежіресі іспетті әсер қалдырды.

Кеш соңында қатысушылар өз алғыстарын білдіріп, кітапхана ұжымына ризашылықтарын жеткізді. Мұндай шаралар – аға буын өкілдеріне деген құрмет пен ізеттің айқын көрінісі.

Қызылжар орталық аудандық кітапханасы кітапхана ісінің ардагерлеріне және барлық қарттарымызға шексіз ризашылығын білдіреді. Сіздердің өмір жолдарыңыз – кейінгі ұрпаққа үлгі, ақыл-кеңестеріңіз – сарқылмас қазына!

13.02.2026
Қаралым саны: 28