«Кітап оқыған озар» әдеби қонақжайы

«Кітап оқитын ұлт» бағдарламасы және «СҚО – оқитын өңір» жобасы аясында кітапханамызда оқырмандардың кітап оқуға деген қызығушылығын арттыру, көркем әдебиетті насихаттау, қазақ әдебиетінің құнды шығармаларын таныстыру мақсатында «Кітап оқыған озар» атты әдеби қонақжай өткізілді.

Әдеби қонақжайға ауданымыздың қаламгерлері, ақын-жазушылары Зейнеп Тәнібаева, Зағифа Ахметова, Серік Өтепбергенов, Аманжол Зағыпар, Баянды Жүкенова және кітапханамыздың белсенді оқырманы Сапуан Жиентаев арнайы шақырылды. Іс-шараға аудан орталығының мектеп оқушылары, ұстаздар мен кітапханашылар қатысты.

Кездесу барысында кітаптың адам өміріндегі маңызы, кітап оқу мәдениеті және әдебиеттің жас ұрпақ тәрбиесіндегі орны туралы сөз қозғалды. Қаламгерлер өздерінің шығармашылық жолдары жайында әңгімелеп, оқырмандардың сұрақтарына жауап беріп, әдебиетке деген қызығушылықтарын арттырды.

Іс-шара барысында «Кітап оқитын ұлт» кітап көрмесі ұйымдастырылып, көрмеге қойылған әдебиеттерге библиографиялық шолу жасалды. Оқырмандарға қазақ әдебиетінің таңдаулы шығармалары, көркем әдебиеттер мен кітапхана қорындағы құнды басылымдар таныстырылды.

Кеш барысында «Әдеби кейіпкерді тап» атты викторина өткізіліп, «Мақал – сөздің мәйегі» бөлімінде кітап, оқу және білім туралы мақал-мәтелдер айтылды. Ал «Поэзия – жүрек үні» бөлімінде оқушылар қазақ ақындарының өлеңдерін мәнерлеп оқып, өз өнерлерін көрсетті. «Мерей» өнер мектебінің оқушылары дайындаған музыкалық нөмірлер де әдеби кештің мазмұнын аша түсті.

Шара соңында кітапхана директоры Эльмира Қабиева келген қонақтар мен қатысушыларға алғысын білдіріп, кітап оқудың адам өміріндегі маңыздылығына тоқталды. Кітаптың адамды білімге жетелеп, ой-өрісін кеңейтетінін, рухани дүниесін байытып, тұлғалық дамуына ықпал ететінін атап өтті. Сонымен қатар жас оқырмандарды кітаппен дос болып, үнемі ізденуге және білім алуға шақырды.

«Кітап оқыған озар» әдеби қонақжайы қаламгерлер мен оқырмандарды бір ортаға тоғыстырып, кітап оқу мәдениетін насихаттаған, рухани мәні зор тағылымды кездесу болды.

 

30.09.2026
Қаралым саны: 57