«Отбасы – бақыт мекені» атты іс-шара өтті

Елімізде Отбасы күні дәстүрлі түрде қыркүйек айының екінші жексенбісінде аталып өтеді. Осыған орай апта бойы еліміздің өңірлерінде отбасы құндылықтарын дәріптеуге, отбасындағы қарым-қатынас мәдениетін дамытуға және саналы ата-ана болудың маңызын түсіндіруге бағытталған ақпараттық, танымдық және қоғамдық іс-шаралар ұйымдастырылуда.

Осындай тағылымды шаралардың бірі Қызылжар аудандық орталық кітапханасында «Отбасы – бақыт мекені» тақырыбында өтті.

Шараның негізгі мақсаты – ата-аналармен бірлесе отырып, жас ұрпаққа отбасы құндылықтарын дәріптеу, бала тәрбиесіндегі ата-ананың рөлін түсіндіру, адамгершілік қасиеттерді қалыптастыру, туған жері мен еліне деген сүйіспеншілігін арттыру және патриоттық сезімге тәрбиелеу. Сонымен қатар аға ұрпақтың өнегесін үлгі ете отырып, намысшыл, ер мінезді, жігерлі тұлғаны қалыптастыру, жастардың Қазақстан тарихы мен мәдениеті жөніндегі білімін толықтыру, танымдық қабілеттерін арттыру және бәсекеге қабілетті, білімді ұрпақ тәрбиелеу .

Кешке аудандық «Қазақ тілі» қоғамының төрайымы Загифа Ахметова қатысып, қонақтарды мерекемен құттықтады. Ол өз сөзінде отбасындағы бала тәрбиесінің маңыздылығына тоқталып, жастарға ақыл-кеңесін берді.

Шараға СҚО ҚАЖД Қызылжар аудандық пробация бөлімінің аға инспекторы, әділет аға лейтенанты Айдана Нұрғалиева және аға лейтенант Ақмарал Құдайбергенова да қатысты.

Кітапханамыздың үздік оқырманы Сафуан Жиентаев отбасындағы қарым-қатынас мәдениеті мен ата-ана болудың жауапкершілігі туралы ой бөлісіп, өмірден көрген-білгендерін ортаға салды. Жастарға өзінің өмірлік тәжірибесіне сүйене отырып, тағылымды ақыл-кеңестерін жеткізді.

Отбасын қолдау орталығының психологы Айбаршын Худайбергенова «Жылы сөз – отбасының шырағы» тақырыбында тренинг өткізіп, қатысушыларға отбасындағы жылы қарым-қатынас пен өзара түсіністіктің маңызы туралы пайдалы ақпарат берді.

Сонымен қатар "Нұр" клубының мүшесі Назым Алғыбаева мен мәдениет Үйінің қызметкерлері ән-күйден шашу шашып, мерекелік кештің көркін қыздырды.

Шара соңында «Менің отбасым – менің байлығым» атты кітап көрмесіне библиографиялық шолу жасалып, оқырмандарға отбасы тәрбиесі, ата-ана мен бала арасындағы қарым-қатынас және отбасылық құндылықтар тақырыбындағы әдебиеттер таныстырылды.

Отбасы – әр адамның өміріндегі ең қымбат құндылық. Береке мен бірлік, өзара сыйластық пен сүйіспеншілік орнаған отбасында ғана саналы, білімді әрі елжанды ұрпақ тәрбиеленеді. Сондықтан отбасы құндылықтарын дәріптеу – баршамызға ортақ міндет.

 

30.09.2026
Қаралым саны: 56